Мәжіліс депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Шартта тауарларды құқықтық қорғау және тиісті өтінімдерді қарау кезінде ұлттық патенттік ведомстволардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі көзделген. Құжат ең алдымен, қағазбастылықтан арылуға бағытталған. Бұл жүйенің артықшылығы – бір қорғау құжатын бір уақытта одаққа мүше елдердің барлығының аумағында алу мүмкіндігі туады.
Сондай-ақ, бір ғана өтінім беру арқылы бірден бірыңғай экономикалық кеңістіктегі мемлекеттерде бір басымдық күнін белгілеуге мүмкіндік береді. Келісім ұлттық тауар белгілері иелерінің құқықтарын шектемейді, сонымен бірге еуразиялық нарыққа бағдарланған отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Көрсетілген объектілерді тіркеудің өңірлік жүйесін енгізу Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта көзделген. Бұл жүйенің артықшылығы бір қорғау құжатын бес мемлекеттің аумағында бір уақытта алу мүмкіндігі болып отыр. Өнеркәсіптік меншік объектілеріне қатысты тиісті қорғауды алу үшін ең маңызды факторлардың бірі берілген өтінімнің басымдық күні болып саналады. Бұл жүйе бір өтінім беру арқылы бес мемлекетте бір басымдық күнін белгілеуге мүмкіндік береді.