Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың қарқынды экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін ең алдымен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарау керек деп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өңдеу өнеркәсібін, ІТ секторды және жаңа технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, арнайы экономикалық аймақ жұмысын қайта ұйымдастыратын уақыт жетті. Сапалы жұмыс орындарын ашу керек. Ол үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді. №1 Индустриялды парктің іші 95 процентке толғанымен, әкімдік оның инфрақұрылымын он жылдан бері аяқтай алмай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана агломерациясын жүйелі дамытуды стратегиялық маңызды бағыт ретінде атап өтті. Президент өз сөзінде елорда мен қала маңы арасындағы тығыз сауда-экономикалық, көлік-логистикалық кооперацияны ынталандыру қажет екенін де айтты. Жаңа өндірістік кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық нысандарды орналастыру Астана іргесіндегі ауылдардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Астананың және Ақмола облысының әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.
Президент елорда дамудың жаңа үлгісіне көшіп, инновациялық шаһарға айналуы тиіс деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әлемде қарқын алып, белсенді түрде ендіріліп жатқан қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдеріне баса назар аудару керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астананың даму стратегиясын қайта қарау керектігін алға тарты. Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрініс тапқаны абзал. Бұл ретте әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырды. Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Бұл жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.