Қазақстандық стартапшылардың әзірлемелері халықаралық инвесторлардың қызығушылығын тудырды. Отандық стартапшылардың жобасы шетелден жарты млн долларға жуық қаражат тартты. Сырт мемлекеттің венчурлік компаниясы бөлген қаржыны әзірлемешілер Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығу үшін пайдалануға ниетті.
Айта кетейік, стартапшылардың жұмысы – шағын және орта бизнеске арналған сервис, ол персоналды басқаруды әлдеқайда жеңілдетеді. Алдағы уақытта компания жалдамалы жұмысшыларды жедел орналастыру құралдарын, сондай-ақ басқа да бірқатар қызмет ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл шешімдер жұмыс берушінің де, қызметкерлердің де талаптарына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың жаз айларында ғана компания соңғы үш жылмен салыстырғанда клиенттерді 3 есе көп тіркей алғандығын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда аталмыш қызметті бүкіл әлем бойынша 1 200 компания және 40 мыңнан астам қолданушы таңдады. Платформа Индонезия, Үндістан, Филиппин, Ресей, Украина, сондай-ақ Өзбекстанда танымал бола бастады.
Арман Ерназаров, өнім жөніндегі директор:
- Біз жасаған өнімді жетілдіре түстік. Осының арқасында тиімділігі артты. Яғни бұрын бұл құрылғы тек жұмыс уақытын ғана есепке алатын болса, қазір жалдамалы жұмыскерлері бар HR өнім болып табылады. Өйткені барлық бәсекеге қабілетті құрылғылар кеңсе қызметкерлерінің жұмысына бағытталған. Ал жыл сайын саны артып келетін жалдамалы жұмыскерлер автоматтандыру, уақытты есепке алу, табельдеу, бизнес-коммуникациялар және тағы басқа қызметтерден айналып өтіп кетіп жатады. Сондықтан толыққанды бизнес-коммуникацияны қостық, олар қаржылық сұраулар, аванстық төлемге сұраныстар сынды болып келеді. Соңғысы жалдамалы, уақытша жұмысшылар үшін аса маңызды саналады.
Авторы: Ақзер Сегізбай