Орталық сайлау комиссиясы қаулы жобасын қабылдады. Айта кетейін, еліміздің сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтарға сәйкес, Парламенттің төменгі палатасының 69 депутаты біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағынан, 29 депутаты бір мандатты аумақтық округтерден сайлауға түседі. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарында барлық депутаттардың 50 проценті мажоритарлық жүйе бойынша, 50 проценті партиялық тізім бойынша сайланады. Кандидаттарға қойылатын талаптар да анық.
Константин Петров, ҚР ОСК төрағасының орынбасары:
- Мәжіліс депутаттығына ел аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, сонымен бірге сотпен заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін мойындаған адам Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына кандидат бола алмайды.
Үміткерлерді ұсыну және өзін-өзі ұсыну бүгіннен басталып, әр өңірде 8 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны 18 ақпаннан 18 наурызға дейін жалғасады.