Қазақстан Президенті Көлік министрін қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлан Сауранбаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін одан әрі арттыру шараларын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалын ұлғайту үшін автомобиль жолдары мен авиахабтар желісін белсенді дамыту маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар, теміржол саласындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді. Көлік-логистика секторының ЖІӨ үлесін ұлғайту мақсатында министрге кедергі келтіретін факторларды сараптап, саланы дамыту тәсілдерін қайта қарау міндеті жүктелді. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы көлік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның Еуразиядағы негізгі сауда-логистика торабы ретіндегі рөлін нығайту үшін жан-жақты әрі тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

