Қазақстан мен Вьетнам сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатты

Қазақстан мен Вьетнам сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатты

Қазақстан мен Вьетнам өзара сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатты. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин Ұлттық саяси академиясы осындай меморандум жасасты. Кездесу барысында тараптар екі елдің ғылыми қауымдастықтарының қатысуымен тұрақты негізде онлайн-сессиялар өткізуге уағдаласты. Жиындарда инфрақұрылымдық және инвестициялық әріптестік мүмкіндіктер, сондай-ақ, агроөндірістік кешен және өңдеу өнеркәсібі сынды салаларды дамыту бойынша жаңа тәсілдер мен тың шешімдер талқыланады. Айта кетейік, вьетнамдық делегацияның елордаға алғашқы сапары аясында сауда-экономикалық және білім беру салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін кеңейтуге арналды.

Әлішер Тастенов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:

- Өткен жылы біздің Президент Вьетнамға сапары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимылдың үкіметаралық жоспарына қол қойды. Ол сауда, инвестиция және ауыл шаруашылығы сынды негізгі салаларды қамтиды. Біздің осы сараптамалық кездесу де елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге бағытталған. Себебі екі жақты әріптестіктің әлеуеті өте жоғары. Мәселен былтыр бірінші жартыжылдықта ғана өзара тауар айналымы шамамен 610 млн долларды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Яғни, үлкен өсім орын алған. Бұл да меже емес. Өйткені, тараптардың тығыз ынтымақтастығы тек соңғы жылдары қарқын алды. Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасатын болады.

Қазақстан мен Вьетнам Астанада Сыртқы істер министрлігінің қабырғасында өзара түсіністік туралы тағы бір меморандумға қол қойды.  Бұл құжат аясында заманауи өнеркәсіптік аймақтар мен көлік инфрақұрылымымы жақсы дамыған Бакнинь Вьетнам провинциясы еліміздің Шығыс Қазақстан облысымен тығыз әріптестік орнатады. Сонымен қатар, түрлі бағыттағы байланыстардың жетілуіне ден қойылады. Еліміздің сыртқы істер министрлігінде атап өтілгендей, осылайша меморандум екі жақты тауарайналымын ұлғайту және бірлескен бизнес-жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

 Жеңіс Ермұқанов