ҚР СІМ-де ШЫҰ саммитінің басты күн тәртібі туралы айтылды

3-4 шілдеде Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Онда Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет және Үкімет басшыларының бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қоюы күтілуде. Олардың қатарында Астана декларациясы мен «Әділ бейбітшілік пен үйлесім жолындағы дүниежүзілік бірлік» туралы құжат бар. Соңғысы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің өткен жылғы отырысында көтерген бастамасы. Құжатты әзірлеу аяқталуға жақын. Оның мақсаты – әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді шоғырландыруға жәрдемдесу. Бұл туралы Silk way телеарнасына берген сұхбатында Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ШЫҰ қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев хабарлады. Оның айтуынша, құжат қауіпсіздік, берік ұзақмерзімді бейбітшілік орнату, экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтиды. Президент бастамасының тақырыбы алдағы саммиттің «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты негізгі күн тәртібімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Мұрат Мұқышев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ШЫҰ қызметінің мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші:

– Біз бұл тақырыпты ШЫҰ кездесулері үшін таңдаған жоқпыз. Қатысушылар құрамы айтарлықтай кең, 20 астам мемлекет және халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылып отыр. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы қатысады. Тараптар орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы көзқарастарымен, осы мақсатта не істеу керек екендігі туралы пікір алмасуы тиіс. Сонымен қатар, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері барлық әлемдік қауымдастық үшін әрқашан өзекті болып қала берді. Сондықтан біз кеңейтілген форматта қазіргі жағдай бойынша пікір алмасып, нақты ұсыныстар әзірлеу қажет деп санадық.