Жаңа салық кодексінің жобасы Парламенттің төменгі палатасының қарауына
келіп түсті. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы қоғам үшін маңызды құжатты сапалы
дайындау үшін, оны қабылдау мерзімін 2025-ші жылға шегеруді ұсынған. Жаңа
кодекс 822 баптан тұрады. Атап айтқанда, оларда салықтар мен бюджетке төленетін
міндетті өтемдердің санын қысқарту, барлық арнайы салық режимдерін оңтайландыру
және салық жеңілдіктерін беру мониторингі мен талдау бойынша тәсілдерді қайта
қарау, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге ықпал ететін түрлі шаралар
тізбегі қамтылған.
Татьяна Савельева, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
- Ілеспе заң жобасы заңнаманы
жаңа Салық кодексінің жобасына сәйкес, келтіру қажеттілігіне байланысты
әзірленді және ол Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 19 заңына өзгерістер
мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Қазақстанда
тұтынушылардың құқықтарын қорғау шаралар күшейтіледі
Сонымен қатар, Қазақстанда тұтынушылардың
құқықтарын қорғау шаралары күшейе түспек. Бұған осы салада арнайы омбудсмен
институтын құру арқылы қол жеткізу көзделіп отыр. Мәжілісмендер жаңа
редакциядағы заң жобасын және оған ілеспе құжаттарға енгізілген түзетулермен
бірге бірінші оқылымда мақұлдады. Мақсат электрондық сауда алаңдарында тұтыну
нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ретте депутаттар оларды кәдімгі
дүкендер және сауда орталықтарымен теңестіруді алға тартып отыр. Олар бұл қадам
онлайн-бизнес өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді деп
есептейді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Ілеспе заң жобасында негізгі
заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында екі кодекске: Қазақстан Республикасының
Азаматтық және Азаматтық іс жүргізу, сондай-ақ: Көлік, Туристік қызмет, Сауда
қызметін реттеу, Ақпаратқа қол жеткізу, Табиғи монополиялар туралы бес заңға
өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Заң жобалары барлық мемлекеттік
органдармен, соның ішінде Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен келісілген.