Парламент жол қозғалысы туралы заң қабылдады

Қазақстанда көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жол қозғалысы бойынша ережелерге өзгерістер енгізілді. Сенат тиісті заңды ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, енді мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болады. Ал, олардың иелеріне көлікті тіркеумен қатар, жүргізуші куәлігінің болуы міндеттеледі. Егер жүргізушінің А, В, С санаты бар тиісті құжаты болса, оған автоматты түрде мопедтерді басқаруға рұқсат беретін А1 кіші санаты беріледі.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған бұл заң Президенттің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттерін айтарлықтай шешуге мүмкіндік береді деп санаймын. Негізгі Заңда 3 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және «Жол жүрісі туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Қылмыстық кодекске мопедтерді «басқа механикалық көлік құралдары» ұғымына жатқызуға қатысты түзету ұсынылады.

Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда «орташа жылдамдық» ұғымы енгізіледі. Ол аспаптар көмегімен автоматты түрде есептеледі. Бұл өзгеріс жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты сақтауын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді дейді, - құжатты әзірлеушілер.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл ұғымды енгізу сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары орнатылатын жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдық режимінің артуына байланысты жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл ретте «орташа жылдамдық» көрсетілген аспаптармен және құралдармен автоматты түрде, ал айналма жолдары жоқ аумақтарда қала сыртындағы және тік сызықты учаскелерінде ғана есептелетін болады.