Қазақстан Президенті медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Қазақстан Президенті медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Мемлекет басшысы Ақордада медицина саласы қызметкерлерін марапаттап, алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті. Президент ақ халатты абзал жандар бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық екендерін ерекше атап өтіп, зор ризашылғын білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей. 

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі орасан зор. Президент қазір ұлттық медицина саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Жетістіктеріміз аз емес. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, яғни, көптеген емхана мен аурухана салынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, мемлекет алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта береді. Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Аудандық ауруханалар заманға сай құралдармен жабдықталып жатыр. 

Мемлекет басшысы елімізде медициналық туризм қарқынды түрде дамып келе жатқанын жеткізді. Жыл сайын  45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келеді. Бұл еліміздегі дәрігерлік көмектің сапасы жоғары екенін көрсетеді. Отандық дәрігерлер жүрекке ашық операция жасайды, органдарды трансплантациялау ісі дамып келеді, сәуле терапиясының озық әдістері қолданылып жатыр. Президент еліміздің фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға айрықша назар аударатынын айтты. Ірі халықаралық инвесторларды тарта отырып, саланы дамытуға күш салудың маңызына тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Алдағы уақытта медицина ғылымының әлеуетін толықтай игеру керек. Ол үшін қазірдің өзінде берік негіз бар. Ғалымдарымыз онкология, трансплантология, неонатология, генетика, биомедицина салаларында тың жаңалықтар ашты. Қан ауруларын емдеуге отандық препараттар қолданылып жатыр. Жасанды интеллект сырқаттарды анықтау мен емдеудің көкжиегін кеңейтеді. Аталған перспективті салада айтарлықтай серпіліс жасау қажет. Ядролық медицинаның мүмкіндігін де барынша пайдаланған жөн. 

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан медицина майталмандарын мемлекеттік наградамен марапаттады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?