Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен бизнестің әріптестігін күшейтеді

Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен бизнестің әріптестігін күшейтеді

Жаңа конституция жобасы бизнес пен мемлекет арасында сенім мен ұзақмерзімді әріптестік орта қалыптастырады. Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде кеңесте осылай деді. Оған экономиканың жетекші салалары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі, әрі бизнес - экономикалық реформалар жүргізуде басты серіктес екенін ерекше атап өтті. Ал, конституциялық өзгерістерді ашық талқылау және азаматтардан келіп түскен ұсыныстар бұл жұмыстағы демократиялық ұстанымның айқын көрсеткіші деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз бүгін сіздермен еліміз үшін өте маңызды, тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Жарты жыл бойы қоғамда конституциялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болып жатыр. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл – еліміздегі демократиялық процестердің айқын дәлелі. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды.

Кеңесте салық реформасы мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері де талқыланды. 2025 жылы қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 365 млрд теңге болатын 3 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобасы субсидияланды. Сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін іске қосу барысы қаралды. Бүгінгі таңда жүйеге 5 жарым мыңнан астам компания тіркелген. Бизнес өкілдері салық жүйесін әкімшілендіру мен мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты. 

Гүлнар Бижанова, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз үшін Конституцияның басты құндылықтары маңызды, ол әділетті Қазақстанға бағдарланып, «Заң мен тәртіп» қағидатын бүкіл қоғамдық дамудың өзегіне айналдырады. Бұл ұстанымдар біздің мемлекетіміздің құқықтық тұрғыдан жетілген, орнықты даму жолына түскен ел екенін көрсетеді. Біздің еңсерген белестерімізден экономиканың сатылап дамуына, азаматтардың құқықтарын заңмен қорғауға бағытталған мемлекеттің орнықты ұстанымын көруге болады.

Айта кетейік, ертең Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?