Қазақстанда биыл 18 млн шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Шамамен, 170 мыңнан астам тұрғын үй енгізілмек. 2018-ші жылмен салыстырғанда оның көлемі 50%-ке жуық өскен. Осы реттегі отандық құрылыс қарқыны әлі де арта түспек. Мәселен 2029-шы жылға қарай ел аумағында 111 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Үкіметте аталған саланың дамуы талқыланды. Бейінді ведомстваның дерегінше, елімізде қала құрылысының сараптамасы енгізіліп, құрылыс саласының бірыңғай цифрлық экожүйесі құрылуда. Тұрғын үй саясаты бағытындағы заңнама жетілдірілуде. Осының арқасында 50 мыңнан астам қазақстандық жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік алды. Бұл үрдісте Ұлттық даму институты тікелей рөл атқаратын болады. Сонымен қатар құрылыс кодексінің жобасы әзірленді. Құжат Парламенттің төменгі палатасының қарауында жатыр.
Қанат Шарлапаев, ҚР
Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Жобада көзделген шаралар нарықтан жосықсыз құрылысшыларды жоюға, барлық субъектілердің құзыреттілігі мен кәсіби жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жобалау және құрылыстың сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді. Жауапкершілікті сақтандырып, сарапшыларды сертификаттауды енгізу жоспарлануда. Сейсмикалық белсенді аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, жобалау және құрылыс барысында, сейсмикалық оқшаулау жүйелері қолданылатын болады.
Қазақстанда 5 трансшекаралық хаб іске қосылады
Сондай-ақ Қазақстанда трансшекаралық хабтарды құру
бойынша жұмыстар қолға алынған. Үкімет осы бағытта ауқымды 5 жобаны іске қосуға
қамдануда. Мәселен Қорғас және Каспий тораптары Қытай және транскаспий
дәлізінің бойындағы елдермен алыс-берістің дамуына септеспек. Ресеймен шекарада
«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы, Өзбекстанмен шекараласатын аумақта «Орталық
Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығы және Қырғызстанмен арадағы индустриялық
сауда-логистикалық кешен құрылысы жүріп
жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы Ақтау және Құрық
порттарында контейнерлік хабтар мен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары
әуежайларында мультимодальды әуе хабтарын құру пысықталуда.
Олжас Бектенов, ҚР
Премьер-Министрі:
- «Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» хабы жобасының өзі теміржолдың өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Ақтау портында контейнерлік хаб құру жүкті ауыстырып-тиеу көлемін жылына 92 мыңнан 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды. Жалпы, хабтар жүйесі біздің сауда серіктестерімізбен біртұтас сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруы тиіс. Бұл – мемлекеттер арасындағы тауар айналымын айтарлықтай арттырып, көршілес елдермен стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түседі.
Жеңіс Ермұқанов.

