Астанада «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесі ашылды

Астанада әлемдік деңгейдегі жұлдыз Димаш Құдайбергеннің өмірі мен шығармашылығына арналған ерекше көрме есігін ашты. Жәдігерлерді көру үшін әлемнің 50 елінен әншінің тыңдармандары келді. Ұлттық музей қабырғасындағы көрмеде Димаштың сүйікті сыйлықтары, концерттік киімдері, портреттері мен өзге құнды заттары қонақтардың назарына ұсынылды. 

Экспозиция арнайы 4 бөлімнен тұрады. Олар: Шабыт көзі, Атаққа жол, Тыңдарман сүйіспеншілігі мен Ұлттық мәдениеттің жаршысы. 

Светлана Айтбаева, Димаш Құдайбергеннің анасы: 

– Жанкүйерлердің арасында шебер суретшілер көп екен. Сол суретшілердің салған картиналарын көрсеткіміз келді. Мектеп оқушылары үшін өте қызықты болады деп ойлаймыз. Себебі талмай еңбектенсе, білім алса, оқыса, талпынса, үлкен-үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатындығының көрінісі деп санаймыз.