Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев еңбек нарығы және ЖОО мен колледж түлектерінің біліктілігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы, Дүниежүзілік банк және басқа да ұйым мамандарының зерттеуіне сәйкес, қазақстандық жастардың қабілеттілігі салыстырмалы түрде төмен. Ал сапалы жұмыс орындарын біз отандық білікті мамандармен қамтамасыз ету уақыт талабы.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
– Мектепті айтпағанда, ЖОО мен колледж түлектерінің біліктілігі айтарлықтай төмен, ашығын айтатын болсақ. ЭЫДҰ елдерінің түлектерімен бәсекеге қабілетсіз екенін көріп отырмыз. Жоғары оқу орнын бітірген жастар одан әрі білікті жұмыс орындарына орналаса алмайды. Сосын қайда барады? Базарға, құрылысқа, өзін-өзі қамтуға кетеді. Бәрінен бұрын жастардың сапалы жұмыс орындарына баруы үшін түлектеріміздің және жастардың біліктілігін арттыруымыз керек. Тиісті еңбек саясаты мен білім беру саясатын жоспарлап, іске асыру кезінде жастардың өз бетінше жұмыс істемей, сапалы жұмыс орындарын алуы үшін жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің біліктілігін арттыруымыз керек.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сенат төрағасы көтерген мәселеге жауап берді. Оның айтуынша, бүгін сенатта талқыланған «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасында болашақ мамандардың қабілеттілігін көтеру басым бағыттардың бірі болып отыр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Бағдарлама ішінде «Мамандығым болашағым» деген үлкен жобаны бірінші рет Қазақстанда жүзеге асырайын деп отырмыз. Павлодар қаласында апробациясы өткен. Оны қазір бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асыратын боламыз. 7 сыныптан бастап балаларды болашақта мамандығын таңдауға байланысты нақты шаралардың барлығы көрсетіліп отыр. Бұл жерде Германияның, Сингапурдың, Оңтүстік Кореяның, Ресейдің тәжірибелерін негіздемеге алып отырмыз.
Авторы: Ақзер Сегізбай