Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш орнады

Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш орнады

Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш орнады. Былтыр елдің көрікті жерлерін жеті миллионға жуық қазақстандық тамашалады. Бұл 2020 жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 35% артық. Ал жаһандық пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 5% көбірек. Бұл туралы «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясының өкілі Ернұр Кенжебеков мәлімдеді. Оның айтуынша, ел ішіндегі саяхатшылар ағынның өсуі ең алдымен, тұрғындардың өзіміздің ұлттық парктерге деген  қызығушылығы арта түскенін білдіреді.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ өкілі:

– Өткен жылдарға қатысты айтар болсақ, Ұлттық парктерде адамдардың келуі бойынша рекорд орнады.  Адамдардың табиғаты әсем жерлерге бару белсенділігі артып келеді.  Әсіресе сұранысқа ие туристік бағыттар Алматының тау бөктерлерінде, Бурабай, Баянауыл, Көкшетау және Қарқаралы аймақтарында орналасқан. Ондағы ұлттық парктерге былтыр адамдар жиі сапар шегіп, саяхатшылар шоғыры көбейген. Маңғыстау мен Түркістан қалалық туризміде қарқынды дамып барады.

Маман сөзінше, соңғы кездері отандық саяхатшылардың дені Қазақстанның жаңа құрылған үш өңірінде орналасқан көрікті мекендерді аралап, серуен құрғанды жөн көреді.  

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ өкілі:

– Осы бағыттар бойынша дайын туристік өнімдер бар. Мысалы, Абай облысындағы Семей қаласында  Ұлы ақынның туған жеріне барып, жолшыбай тағы да бірқатар туристік нысандарға соғып кетуге болады.  Кейін Қоңыр әулие үңгірі сынды киелі мекендерге аялдау қарастырылған. Яғни мұндағы туристік нысандарға сұраныс артып келеді. Ол жерлерге өзіңіз немесе туроператорлар арқылы бағыттар құрып баруға болады.  Оларда Кидс гоу фри сияқты мемлекеттік қолдау шарасы қолданылады. Ол демалыста отбасымен саяхаттауға және балалар әуебилеттерін үнемдеуге  мүмкіндік береді.

Айта кетейік, аталған бағдарлама Қазақстанда биыл іске қосылды. Бұл екі жастан 14 жасқа дейінгі балаларға елдің негізгі әуе бағыттарына тегін ұшуға мүмкіндік береді. Бұған дейін «Қазақ туризмі» хабарлағандай, бағдарламаны енгізу қазақстандықтардың демалыс шығынын орташа есеппен 30% үнемдеуге мүмкіндік береді.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов