Маңғыстауда табылған ихтиозавр сүйектерін Ақтаудағы музейден көруге болады

Маңғыстауда табылған ихтиозавр сүйектерін Ақтаудағы музейден көруге болады

Ақтауда музейге алғаш рет ихтиозаврдың қаңқа сүйектері қойылды. Ол 113 млн жыл бұрын аумағына Маңғыстау облысы да кірген Тетис мұхитында тіршілік еткен екен.

Елімізде ихтиозаврдың сүйектері осыдан 5 жыл бұрын Шетпе ауылынан 15 шақырым жердегі Сулы қапы жерінен табылды. Бауырымен жорғалаушы су жануарының сүйектерін қазып алуға бір ай уақыт кеткен. Оған сипаттама беру үшін шет елден мамандар шақыртылды. Содан бері зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар ихтиозаврдың макетін де құрастырды.

Су жыртқышының дене ұзындығы 6 метрден асады. Алайда мұндай көлем музейге қоюға келмеген. Сондықтан бойы 1 метр 70 см болатын нұсқасы таңдалыпты. Жасанды жәдігерді құрастыруға 5 айдай уақыт кеткен.

Салима Үсенова, Ә. Кекілбаев атындағы музей маманы:

– Баласын құрсағында көтеріп дүниеге әкелетін жыртқыш жануар болған. Суда еркін жүзген. Бір ерекшелігі – балық сияқты желбезектерімен емес, өкпемен тыныс алған. Өкпесіне оттекті жинау үшін су бетіне қалқып шыққан.

Көркем Саздыбай, көрермен:

– Маған өте ұнағаны – ихтиозаврлар өте қорқынышты көрінеді. Даусын музыкамен қосқанда ғажап екен. Мультфильм, кинодан қарайтын едік. Өтірік шығар деп ойлайтынбыз. Шын екен.