Қазақстанда әскери резерв қызметі пайда болады. Оны азаматтық тұлғалар
қатарынан жасақтау көзделіп отыр. Алайда олар жауынгерлік жиындар немесе
сабақтар кезінде әскери қызметші мәртебесіне ие болады. Сенаторлар әскери
қызмет жөніндегі заңға енгізілген тиісті түзетулерді мақұлдады. Бастапқы
кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық адам шақырылмақ. Яғни, кәмелет
жасына жеткен азамат ерікті түрде бұл қатарға қосылады. Олармен 3 жылға
келісімшарт жасалады. Үміткер мерзімді әскери қызмет немесе әскери кафедраны
бітіруі тиіс. Қатардағы сарбаз бен сержанттардың жасы 47-ден аспауы керек.
Офицерлік құрамға 57 жасқа дейінгілер алынады. Жауынгерлік даярлық жылына 60
күннен аспауы тиіс. Әскери резервшілерге ай сайын ең төменгі жалақы мөлшері
төленеді. Олардың негізгі жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Барлық шығындар мемлекеттік
бюджеттен жабылады. Қызмет өткеру орындары резервшілерді тұрғылықты жері
бойынша арнайы іріктейді. Қорғаныс министрлігі бұл қазақстандықтарды
ынталандыруы мүмкін, - деп санайды.
Сұлтан Камалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас
штабының бастығы:
– Ең алдымен әрбір азаматтың
моральдық дайындығы және өз Отанын қорғап, конституциялық борышын өтеймін деген
құлшынысы қажет. Екіншіден, кез келген ер адам армияда қызмет еткенін, өз
отбасы мен жақындарын, жалпы елдің қорғаушысы екенін мақтан тұтатынын
түсінеміз. Бұл да ынталандырудың бір факторы деп санаймыз. Сондай-ақ, ол резервтегі
қызметін аумақтық қағидат бойынша әскери бөлімдерде атқарады. Яғни, тұрғылықты
жерінен алшақтаудың қажеті болмайды.
Сергей Ершов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Резервшіге мертіккен жағдайда біржолғы төлем, медициналық қамтамасыз ету, тамақтануды толық көлемде алу мүмкіндігі бекітіледі. Сондай-ақ, 2016 жылғы бірінші қаңтардан бастап тағайындалған әскери қызметшілерге еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдерін жыл сайын индекстеу көзделеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін жеткілікті еңбек өтілі бар күш құрылымдарының қызметкерлеріне зейнетақы төленеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

