С. Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толғанына орай, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Дарынды қолбасшы, Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерін құрған азамат, тарихта аты алтын әріппен жазылатын жан. Сағадат Нұрмағамбетов бірнеше ұрпаққа өзінде бар күш-жігер, батырлық және отансүйгіштік қасиеттерді сіңіре білді. Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманының дүниеге келгеніне 100 жыл болуына орай, Астанада республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қарулы Күштер ардагерлері, өзге де офицерлер, кадеттер және әскери оқу орындарының курсанттары бас қосқан жиында батырдың өмір жолы сөз болды. Қатысушылардың айтуынша, Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жолы әлі толық зерттелмеген. Сондықтан, осы бағытта жұмыстарды жалғастыру керек. 

Лира Нұрмағамбетова, Сағадат Нұрмағамбетовтің немересі: 

–  Ол өте жан-жақты адам болды. Есте сақтау қабілеті тіптен керемет. Тарих, география, жалпы не сұрасаң да, барлығын білетін. 85-90 жасқа келгенде де ештеңе ұмытпаған еді. Мен таң қалатынмын. Біз үшін ол үлкен бір үлгі тұтар азамат болды. 

Абай Тасболатов, генерал-лейтенант: 

–  Қарулы күштердің бытырап кетпегені, шашылып кетпегені, сол Қарулы Күштердің бары – Сағадат ағамыздың арқасы. Көзіміз жетті. Қиын уақытта сол кісінің болғаны қандай тамаша.  Былай қарасаң, оқу-жаттығу жүріп жатты. Қиын кездер, ақша да жоқ, жағдай да жоқ. Сондай да болған.