Қазақстан мен Дүниежүзілік туристік ұйым ынтымақтастық туралы келісім бекітті

Қазақстан туризм саласын БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туризмді дамыту жөніндегі ұйыммен бірлесе дамытпақ. Халықаралық беделді ұйым еліміздің Президент ісі басқармасымен Ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.  БҰҰ мекемесі еліміздегі негізгі 3 бағыт: Бурабай, Алматы тау кластері және Маңғыстау курорттарын дамытуға қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, қазақстандық студенттердің шетелде білім алуына жағдай жасау қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, 10 отандасымыз арнайы курстан өтеді. Бұл құжат туризмді тұрақты дамытуды ынталандыруға, инвестиция тартуға және Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын арттыратын инновациялық және цифрлық шешімдерді біріктіруге ықпал етуі тиіс.

Сонымен қатар, тараптар туристердің қолданысына ыңғайлы мобильді қосымшалар жұмысын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қолданушылар оның көмегімен қолайлы бағыттар, баспана жалға алу, миграциялық есепке тұру бойынша мәліметтерге қол жеткізе алады.    

Дәурен Молдахметов, ҚР Президент Іс басқармасы цифрландыу және жобалық басқару басқармасының бөлім меңгерушісі:

– Біз туризм бойынша қосымша инвесторлар тартылады деп жоспарлап отырмыз және қазір Халықаралық туризм ұйымының төрағасы Зураб Пололикашвилидің елдегі цифрландыру деңгейіне қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз, сәйкесінше, біз халықаралық рейтингтерде жақсы көрсеткіштерге ие болып отырмыз. Әріптестеріміз Қазақстанның цифрландыру тәжірибесін өздерінде қолдануға мүдделі.  Бұл ретте туризмді дамыту үшін цифрлық технологияларды енгізуге көмектесе аламыз.