Атырау облысында лотос гүлінің маусымы басталды. Жылдың осы мезгілінде бұл сұлулықты көру үшін жүздеген турист, тіпті басқа шетелдерден де саяхатшылар келеді. Қызыл кітапқа енген, тазалықтың символына баланған гүлді тамыз айының соңына дейін тамашалауға болады. Лотостың тамыры ағынсыз судың түбінде жатқанына қарамастан, оның гүлдері нәзік және хош иісті болып келеді, сондай-ақ өсімдікті кір мен шаңнан қорғайтын балауыз жабыны бар. Өзгелерден ерекшелігі де сол.
Айта кетейік, бұл алқап Қызыл кітапқа енген және ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Әсел Құбашева турист:
– Мен шілде айының соңында лотостың гүлдеуін көру үшін арнайы келемін. Бұл алқап лотос гүлдерінен тұратын орманға кіргендей әсер қалдырады. Мен де осы сұлулықты барша Қазақстан аумағында танымал етуге күшімді салып жатырмын.
Қайсар Мақсұтов, Атырау облысы теңіз селолық округінің әкімі:
– Танымал бола бастағаннан бері туристердің саны едәуір артты. Атыраудан, Оралдан, Ақтаудан келіп жатады. Енді көбіне батыстан келеді. Сосын Алматы қаласына келіп жатқан, Астанадан келіп жатқан туристеріміз бар.