Маңғыстау жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енгізіліуі мүмкін

Қазақстанның тағы бірнеше тарихи ескерткіштері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандарының тізімін толықтыра алады. Бүгінде Маңғыстаудың жерасты мешіттерін аталған тізімге қосу үшін номинациялық құжаттарды әзірлеу басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды. Ең бастысы, барлық нысандар БҰҰ мамандандырылған мекемесі белгілеген 10 критерийге сәйкес келуі тиіс.

 

Жанат Сейдалиева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы:

-Мәдениет комитеті биыл ЮНЕСКО талаптарына сәйкес қорғау аймақтарының жобалық аймақтарын әзірлейді. Яғни, буферлік аймақтар. Сондай-ақ, әрбір нысан бойынша менеджмент жоспарларын дайындайды. Аталмыш номинация аясында ЮНЕСКО тізіміне Маңғыстау оазисіндегі жартас мешітінің бес нысанын енгізу жоспарлануда. Олар: Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата, Сұлтан епе, сондай-ақ бірегей, әйгілі Бекет ата мешіті бойынша құжаттамалар дайындау көзделген. Айта кету керек, аталмыш жұмыс - уақыт пен үлкен дайындық жұмыстарын қажет етеді.

 

Министрлік бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек,  халықаралық кеңістікте Қазақстанның ортағасырлық мешіттері мен кесенелерінің үлгілерін, сондай-ақ заманауи сәулет шешімдерін ұсыну көзделіп отыр.