Италиядан жеткен жауһар, атақты суретші Леонардо да Винчидің айтулы
картиналарының бірі - «Ла белла Принчипесса» – «Әдемі
ханшайымның» түпнұсқасы Астанаға келді. XV ғасырдың соңына тиесілі, тарихы
терең өнер туындысы Ұлттық музейдің
көрме залына көрік беріп тұр. Еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға
орай Италияның еліміздегі елшілігі, Қазақстанның Мәдениет министрлігі мен
италиялық Screapta Maneant баспасы өкілдері мен көрме демеушілері баспасөз мәслихатын өткізді. Қазіргі таңда картина жеке коллекцияға тиесілі екені белгілі. Бұған дейін ол
санаулы рет ғана көрмелерге қойылған. Сарапшылардың айтуынша, оны сақтау мен
тасымалдаудың өз ережелері мен шарттары бар. Бұдан кейін картина қайталап
көрмелерге шығарылмауы да мүмкін.
Джорджио Армароли, Screapta Maneant баспасының негізін
қалаушы және бас директоры:
-Картина өте нәзік болғандықтан, оны тасымалдау оңай емес. Ол қайтар жолды қалай көтеретінін әзірге білмейміз. Жаңа технологиялардың арқасында, әсіресе қыздың көзі мен құлағында Леонардо да Винчидің қолтаңбасын анық байқадық. Өйткені, ол кейіпкерлерін ешқашан қырынан салған емес, Мона Лизаны өздеріңіз білесіздер. Сонымен қатар, картинаның сол жақтағы бұрышынан атақты қылқалам шеберінің техникасына келетін қолтаңба табылды.
Марко Альберти, Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі:
-Менің ойымша, мұндай
жобалар Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени қарым-қатынасты жандандырудың
таптырмас құралы. Айта кетейін, өткен жылы 30 қарашада Алматыда Италияның Қазақстандағы
мәдениет институты ашылған болатын.
Картина Ұлттық музейдің 10 жылдығына арнайы аудырылды. Елорда тұрғындары
мен қонақтары бірегей туындыны тамыздың 4-не дейін тамашалай алады.