Әзербайжан әуе жолдарының Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшағының «қара» жәшіктерін талдау Бразилияда аяқталды. Авиациялық оқиғаларды тексеру және алдын алу орталығы Қазақстанға тиісті материалдарды жіберді. Еліміздің көлік министрлігінің ақпараты бойынша, бұл мәліметтер Қазақстанның тиісті органдары тарапынан зерттеліп-зерделеніп, апаттың нақты себептері анықталады.
Әбіл Кекілбаев, Авиация сарапшысы:
- Қара жәшік құпия болып
тұрған көптеген ақпараттың бетін ашады деген үлкен үміт бар. Жоғарыда
айтылғандай, жазба кабинаішілік, оған қоса барлық датчиктерден жүргізілді. Әуе
кемесін басқару мәліметтері ақпаратты нақтылай түседі. Енді комиссия осы нұсқалардың барлығын
пысықтап, алдын ала қорытынды дайындауы тиіс.
Серік Мұқтыбаев, Авиация сарапшысы:
- Қазіргі уақытта әуе кемесінің қалдықтары Ақтау
әуежайындағы ангарда тұр. Бұл – стандартты рәсім. Барлық бөлшек жиналған кезде
авиациялық оқиғаның себебін түсіну үшін олар зерттеледі. Яғни әрбір адам әрбір
бөлшекті, сымды, фюзеляждың, қозғалтқыштың бөлшектерін және т.б. зерттейді. Осы
оқиғаға жан-жақты баға берілуі үшін барлық деректер жиналады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 25 желтоқсанында
«Баку-Грозный» бағытында ұшып бара жатқан AZAL әуе компаниясының ұшағы Ақтау
маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды.
Апаттың салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

