Қазақстан мен Еуроодақ құны 12 млрд доллардың келісімдеріне қол қойды

Қазақстан мен Еуроодақ құны 12 млрд доллардың келісімдеріне қол қойды

Брюссельде «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті. Қазақстанға шет елден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы Еуропалық Одаққа тиесілі. Былтырдың өзінде өзара тауар айналымы 45 млрд доллардан асты. Бүгінде елімізде 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды. Ол Қазақстанның Еуропаны Орталық Азия, Қытай, Кавказ және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым темір жол салуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар барысында жалпы құны 12 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкімен бірқатар еуропалық қаржы институттары арасында 1 млрд доллардың логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісімді құптады. Сондай-ақ Қазақстан Еуропалық Одақ аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді.

Президент еуропалық серіктестерді мал шаруашылығы, астық дақылдарының селекциясы, және жер игерудің дәлме-дәл технологиясы секілді салаларда ынтымақтастық орнатуға шақырды. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың ғылым және білім саласындағы жетекші серіктеске айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы сөз соңында бүгінгі пікірталастар тараптардың стратегиялық серіктестікке қатысты ұстанымы ортақ екенін тағы да растағанын айтты. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?