Қытай инвесторлары «жасыл» энергетика саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті. Премьер-министр Олжас Бектенов аспан асты елінің осы бағыттағы көшбасшы компания басшысымен кездесті. Жиында қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру әлеуеті қаралды. Үкімет басшысы әңгімелесу барысында Президент экологиялық жаңғырту мен орнықты дамудың маңыздылығына баса назар аударып отырғанын атап өтті. Қазақстан «жасыл» трансформацияны мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда елімізде Waste to Energy тетігі бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық база бар. Үкімет осы саладағы халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастыққа ашық. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара іс-қимылға мүдделілігін жеткізді және серіктестік қатынастарды кеңейту әлеуетін атап өтті.

