Осы аптада ұлттық валютамыз теңге аздап нығая бастады. Экономистердің пайымынша, бұған мұнай бағасының өсуі әсер еткен. Brent фьючерстерінің баррелі 86 доллардан жоғары көтерілді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Ұлттық банк тәуекелдерді азайту және қаржылық тұрақтылықты сақтау қамында 240 млн доллар көлемінде валюталық интервенция жүргізді. Сарапшы Андрей Чеботарёв ел экономикасына мұндай шараның аса қажет болғанын және ол сәтті жүзеге асқанын айтады. Маман қазіргі жағдайда ақшаны қалай басқару керектігі жөнінде өз ұсыныстарымен бөлісті.
Айта кетейік, жақында Ұлттық банк жүргізген сауалнама деректері бойынша, бүгінгі таңда қазақстандықтардың тек 18% ғана жеке жинақтары бар.
Андрей Чеботарёв, сарапшы:
- Ақшаны сақтауға келетін болсақ, теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер 14,9% дейін көтерілді. Жиып-тергенін доллармен сақтау қазақстандықтарға тән, бірақ америкалық валютаның да инфляцияға ұшырайтынын ұмытпаған жөн. Оның көрсеткіштері рекордтық деңгейде. Мәселен, егер сіз 2021 жылдың басында 100 доллар сатып алсаңыз, жылдың соңында сізде тек 93 доллар қалады. Жақын арада сізге қажет болуы мүмкін деген ақшаны ұлттық валютада ұстауға кеңес беремін. Ұзақ мерзім болса, қор нарығында валюталық активтерге салған дұрыс.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов