Қазақстан Грузияға мұнай өнімдерін, бидай, алюминий, ферроқорытпалар мен рельстерді экспорттайды. Ал көрші мемлекеттен шай, жүк және трамвай вагондары мен басқа да өнімдері импортталмақ. Соңғы 15 жылда өзара сауда көлемі 150% өсті. Өткен жылдың өзінде бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 30% артқан. Көрсеткіштер әлі де өсуі мүмкін. Бұл туралы Тбилисиде өткен дөңгелек үстелде айтылды. Сондай-ақ тараптар стратегиялық және экономикалық байланыстарды дамытудың және ынтымақтастық салаларын кеңейтудің кілті болып табылатын саяси тұрақтылық туралы сөз қозғады. Қазақстан Елшісі Грузия халқын Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жүргізіліп жатқан жаңа реформалар туралы хабардар етіп, қаңтар оқиғасы кезіндегі көмек үшін алғыс білдірді.
Бауыржан Мұхамеджанов ҚР Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Осы қиын күндері Грузиядан елге 700-ге жуық турист ұша алмай қалды. Сол кезде грузиндер, қарапайым адамдар, қазақстандықтарға қолдау көрсетті. Іс жүзінде ешкім назардан тыс қалмады. Ал біздің азаматтар рейстер қалпына келген кезде Қазақстанға қайта орала бастады. Бұл тағы да Грузия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынастың болғанын, барын және бола беретінін көрсетеді.
Георгий Джахуташвили, Қазақстан-Грузия Экономикалық қауымдастығы басқармасының төрағасы:
- 2022 жылы барлық көрсеткіште өсім болады деп отырмыз. Дәстүрлі нарыққа қатысы жоқ көптеген салада іс-шара өткізу жоспарлануда. Мысалы, Грузия мен Қазақстанның бидай және басқа да экспорттық өнімдері әлі ұсынылмаған. Сондықтан біз Грузияның минералды және алкогольдік сусындардан өзге де өнімдерінің экспортын арттырғымыз келеді.