Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыруға болады. Қазір техникалық-экономикалық негіздеу әзірленуде. Зауыттағы ауқымды жөндеуден соң мұнай өңдеу көлемі айтарлықтай артты. Қазір «Мұнай алыбы» заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, «Евро-4», «Евро-5» бензині мен дизель отынын шығаруда. Қайта құрылымдаудан соң мұнайшылар өндіріс қуатын еселей түсуді көздеп отыр.
Руслан Навесов, «ПКОП» ЖШС өндірістік бөлімінің басшысы:
- Жаңғыртудың негізгі кезеңі – мұнайды өңдеу тереңдігін 73-тен 88% дейін ұлғайту. Сондай-ақ ашық түсті мұнай өнімдерінің шығуын 57-ден 82% дейін көбейту болып табылады.
Жаңғырту кезінде қайта өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, экологиялық мәселеге де мән беру міндеті тұрды. Ауаға зиянды қалдықтың бөлінуі едәуір тыйылды.
Андрей Путков, «ПКОП» ЖШС табиғатты қорғау бөлімінің аға инженері:
- Біз табиғи ресурстарды барынша қорғауға тырысамыз. Біздің зауыт энергия ресурстарын үнемдеуге бағытталған.
«ҚазМұнайГаз» бен «CNPC» Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының сәтті серіктестік орнатуы өндіріс орнының толық қуатында жұмыс істеуіне жағдай жасады. Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл, ал «CNPC»-дің елдегі қызметіне 25 жыл толады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қарқынды дамып келе жатқан Қытай елі әрдайым Азиядағы ең басты және сенімді серіктесіміз болып қала береді.
Алдағы уақытта Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты базасында Қазақстанның төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспарлануда.