Қазақстан құрамасы этноауылда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық үстінде

Астана іргесіндегі қазақ мәдениеті мен қолөнері кең көрініс тапқан этноауыл бұл күндері  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық алаңына айналған. Мұнда Құрама командалар жаттығулардың соңғы кезеңін жүргізіп жатыр. Бұған қолайсыз ауа райы да кедергі емес. Дайындық кестеге сай өтуде. Аңшы құстар – бүркіт, қаршыға мен ителгілер нағыз бабында. 

Серікбек Күнтуғанұлы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы:

– Ата-бабадан келе жатқан өнер болған соң, бейімделіп қалғанбыз. Бұл құс еріккеннен ұшып келе бермейді. Мұның ішінде сан майы, құйрық майы, кеуде майы бар. Жаз бойы семіріп, жеген етін ұшырып бабына келтіріп, ақырын күйіне келтіріп жатырмыз. Алла сәтін салса, жүлде аламыз деген сенімдеміз. 

Көшпенді халықтар ертеде саятшылықпен айналысып, жыртқыш құстарды аңға салған. Бүгінде осы дәстүрді жалғастыру мақсатында, құсбегілік – Көшпенділер ойындарының қатарында ойып тұрып орын алатын спорт түрі. Қазақстан құрамасы фавориттер қатарында болғанымен, қарсыластар да осал емес.  

Арманбек Күнтуған, құсбегілік бойынша Қазақстан құрамасының аға-жаттықтырушысы:

– Өзіміздің көрші мемлекеттеріміз – Қырғызстан жақсы, Моңғолия мемлекеті жақсы деп айта аламын. Өйткені, олар табиғатынан біз сияқты құсқа өте жақын, жақсы бейімделген. 

Ертегідегі тау көтерген Толағайдың ізбасарлары осы күні де көптің көзайымына айналған. Жиын-тойлар, әсіресе Наурыз мерекесі күші тасыған алыптардың сайысынсыз өтпейді. Бұл жолы білекті жігіттер бәсекесі жекелеген спорт түрі ретінде Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енді. 

Тимур Спатаев, «Толағай» алыптар сайысын ұйымдастырушы:

– 17 ел, қазірше, 17 елден де көп келеді деп жоспарлап отырмыз. Халық көп келгені бізге де жақсы. Өйткені, Елордамызға келіп, осы жерді көріп, осындай спорттың, осындай қазақтардың барын, осындай батырлар барын нағыз көрсететін уақытымыз келді. Құдай қаласа көрсетіп, Қазақ елінің туын күллі әлемге желбіретеміз. 

Айта кетейік, «Толағай» алыптар сайысы 5 жаттығу бойынша өтеді. Олар – 100 келілік қапты мойынға қойып отырып-тұру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені көтеру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, 10 келілік найзаны қашықтыққа лақтыру.