Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты өтті

Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты өтті

Астанада үстел теннисінен 27-ші Азия чемпионаты аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшылар қатысқан ақтық кездесулерді тамашалады. Айта кетейік, мұндай деңгейдегі іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Жалпы, елордаға әлемнің 26 елінен 200-ден астам теннисші жиналды. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында жеке, командалық, жұптық және аралас разрядтарда өтті. Осы демалыс күндері турнирдің бірқатар санаты бойынша жеңімпаздар анықталды. Үздік үштіктің көшбасында Жапония келеді. Күншығыс елі спортшыларының қоржынында 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бар. Екі алтын, бір-бірден күміс және қола медаль алған Қытай екінші орында тұр. Ал, үшінші орынға әр санаттан бір-бір медаль жеңіп алған Корей Халық Демократиялық Республикасы жайғасты. Қазақстандық спортшылар құрлықтық біріншілікте жалпыкомандалық есепте 7 орынды иеленді.


Алан Құрманғалиев, Үстел теннисінен Ұлттық құрама мүшесі:


- Біз бұл матчқа қатты дайындалдық. Қарсыластарымыз өте мықты. Азия чемпионатына, Әлем чемпионатына және Олимпиада ойындарына шығып жүрген теннисшілер. Ойын кезінде арнайы тактика әзірлеп, барымызды салдық.

Авторы Әсел Күшенғалиева