Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін Мәжіліске қайтарылды. Депутаттарға заң жобасына қатысты түзетулерді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов таныстырды. «Заң жобасының мақсаты – деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес және түпнұсқадан ауытқымай жазу», – деді министр.
Асхат Аймағанбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Ұсынылған түзетулердің басты мәселелеріне тоқталсам, жобада еліміздегі әкімшілік аумақтық бірлестіктердің физика-географиялық нысандардың атауларын жазу бойынша арнайы нормалар қарастырылды. Алайда орыс немесе басқа тілдегі елді мекендер атауларының жазылуы өзгеріссіз қалады. Мәселен, Мичурино ауылы сол күйі қалады, қазіргідей «Мичурин ауылы» деп өзгертілмейді. Сол секілді Монастырская көшесі «Монастырь көшесі» деп аударылып жүр, енді ол да «Монастырская» деп өзгеріссіз қалады.
Сондай-ақ министр еліміздің қазақ тілді ауылдық мекендерінде, туристер көп бара бермейтін аймақтарда бірнеше тілде «айналма жол» тақтайшасы барын айтты. Аталған заң жобасының негізінде кішігірім ауылдық елді мекендерде ондай белгілер тек қазақ тілінде ғана қойылады. Сонымен қатар бұл ереже хабарландырулар мен жарнамаларға, ас мәзірлеріне және басқа да көрнекі ақпарат көздеріне қатысты.
Асхат Аймағанбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бұл өзгертулер кәсіпкерлерді қажеттілігі болмаса да, амалсыздан жарнаманы екі тілде беруге мәжбүр болудан құтқарады деп айтуға болады. Сондай-ақ заң жобасында енгізілген өзгерістер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және көрнекі ақпараттарға қатысты қателіктердің алдын алуға, тіпті оны болдырмауға өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз.