Ақмола облысының экономикасына 179 млрд теңгеден астам қаражат салынды,
инвестициялық портфельге 187 жоба кіреді. Өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық
даму қорытындылары туралы Қазақстан Президентіне өңір басшысы есеп берді. Марат
Ахметжановтың айтуынша, өсімнің оң динамикасы өнеркәсіптік өндірісте, ауыл
шаруашылығының жалпы өнімінде, көлік және байланыс қызметтерінде байқалады. Атап
айтқанда, астықтың жоғары түсімі күтілуде. 5 млн тоннадан астам астық жинау
жоспарланған. Ал, өңдеу өнеркәсібінде биыл 9 жобаны іске қосу мақсаты тұр.
Сондай-ақ, өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру үшін республикалық маңызы
бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды.
Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі:
- Сондай-ақ, Президентке
су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарды қолдау шаралары туралы
баяндадым. Тұрғындарға үйлер берілуде,
мүліктік шығындардың орнын толықтай толтырдық. Бұдан басқа, Жабай және Қылшақты
өзендерінің арналарын тазарту, жағаларын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мен, Мемлекет басшысына жылыту
маусымына дайындық және ұлттық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндадым.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Ақмола облысын одан әрі дамыту жөнінде
нақты тапсырмалар берді.