Қазақстан өңірлік инвестициялық хаб мәртебесін нығайтуда

Қазақстан өңірлік инвестициялық хаб мәртебесін нығайтуда

Былтыр Қазақстан 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартып, Орталық Азияның негізгі инвестициялық хабы ретінде өз позициясын нығайтқан. Республиканың үлесіне өңірге келген барлық инвестиция ағынының 70%-і тиесілі. Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырушылардың ірі халықаралық бірлестігі – Берн одағының Астанадағы көктемгі отырысында елдің экспорттық және іскерлік әлеуетінің өсу перспективалары талқыланды. Оған әлемнің 70-тен астам елінен 240-қа жуық делегат қатысуда. Премьер-Министр Олжас Бектенов қатысушыларға іскерлік ахуалды дамыту, стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Өз кезегінде сарапшылар қазақстандық қаржы нысандары экспорттық қаржыландырудың жаһандық жүйесіне интеграциялануы мүмкін екенін атап өтті. Бұл аса маңызды қадам болмақ. 2030 жылға дейінгі Сауда саясаты тұжырымдамасы аясында Қазақстан шикізаттық емес экспортты $52 млрд-қа дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

Юичиро Акита, Берн одағының президенті:

- Қазақстанның зор әлеуетке ие және мұндағы перспективалы жобаларды инвесторлар үшін қаржылық тартымды ету ерекше маңызды. Бұл үшін мемлекет пен жеке сектордың тығыз ынтымақтастығы қажет. Бұл үдерісте KazakhExport пен «Бәйтерек» холдингі Қазақстанға шетелдік қаржы тартуға көмектесе отырып, Берн одағының мүшелері үшін негізгі серіктес болмақ. Әсіресе, сыни минералдар, энергетика және инфрақұрылыммен байланысты бағыттарға қызығушылық жоғары. Сонымен қатар, Қазақстан әлемдік ядролық өнеркәсіп үшін де маңызды рөл атқарады.

Инвесторлардың назары сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеуге, атом энергиясына, сондай-ақ цифрлық технологияларға бағытталған. Мамандардың пікірінше, Қазақстан дәл осы салаларда өңірдегі жетекші орынға ие. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, еліміз инвестициялық тәуекелдердің қалыпты деңгейін сақтап отыр, бұл шетелдік әріптестердің қаржылық мүддесіне сай келеді.

Сильвия Гаворникова, ЭЫДҰ Экспорттық кредиттер және бәсекелестік бөлімінің басшысы:

- KazakhExport халықаралық келіссөздерге қатысу, тәжірибе алмасу және үздік тәжірибелерді енгізу бойынша өңірдегі көшбасшылардың біріне айналды. Біз Қазақстанға қатысушыларымыздың - сатып алушылардың да, инвесторлардың да қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан ел үшін халықаралық талаптар мен стандарттарды сақтау аса маңызды. Мен Қазақстан экспорттық несиелеу саласында осындай жұмысты лайықты жүзеге асырып жатқанын айта аламын.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?