Қырғызстанда педагогикалық мамандықтарға түсуге мүдделі талапкерлерге
қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл ниетті іске асыру үшін кемінде 130 балл
жинау керек. Биылдан бастап ең төменгі шекті бал деңгейі көтерілді. Салалық
ведомствода бұл өзгеріс отандық білім беру жүйесін нығайтуға, оның сапасын
жақсартуға және кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталғанын айтады. Бұл өз
кезегінде, мамандарды оқытумен қатар, жоғары білікті мұғалімдердің нәтижесіне
де оң әсер етеді. Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі қабылданған осы шешім
педагогикалық білім беруді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп санайды.
Айнура
Исраилова, Қырғызстанның БЖҒМ басқарма басшысы:
- Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап шекті баллды
130-ға дейін көтерді. Бұл өзгеріс білім сапасын арттыруға және білікті мамандар
даярлауға бағытталған. Бұл ретте былтыр дәл осылай оның деңгейі 115-тен 120 баллға
дейін ұлғайғанын айта кеткен жөн.
Айгуль
Абдраева, ҚМУ ректоры:
- Біздің университетке осы оқу жылына 596 бюджеттік орын
бөлінген. Бүгінде гранттар толық тағайындалды. Жыл сайын бір орынға жүздеген талапкер
үміткер болады. Мысалы, былтыр «Ағылшын тілі мұғалімі» мен «Бастауыш сынып
мұғалімі» мамандықтары бойынша барлығы мемлекет есебінен тегін оқуға мүмкіндік
беретін 15 орын болса, үміткерлер саны 200 асты. Бюджеттік бөлімшелердің
студенттері үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған.
Бейінді ведомствоның мәліметінше, шекті баллды көтеруге қатысты шешім әзірге тек педагогикалық мамандықтарға түскісі келетін талапкерлерге ғана қатысты болмақ. Өзгелері бойынша бұндай шешім әлі қабылданған жоқ.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

