Astana Hub алаңында ЖИ саласындағы Medtech және
HR-технологияларынан бастап автономды дрондар мен ЖИ-агенттер базасындағы
платформаларға дейін оннан астам әзірлемелер ұсынылды. Мұнда Цифрлық даму,
инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен AI 'preneurs
акселерациялық бағдарламасы аясында Demo Day өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы
360-тан астам өтінім келіп түсті. Оның ішінен 12 үздік жоба финалға шықты. Бастапқы
идеядан бастап нарыққа шығуға дайын стартапқа дейінгі жолды қатысушылар үш
айдың ішінде еңсерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әзірлеушілерге тұрғын үй
мен коворкинг-алаңдарынан бастап менторлық және инфрақұрылымдық қолдауға дейін барлық
жағдай жасалған. Стартаптардың арасында - Omir AI жобасы бар, ол ЖИ көмегімен
медициналық деректерді талдайды және жеке ұсынымдар береді.
Саяжан Мәди, «Omir Ai» жобасының негізін қалаушы:
- Біз медицинада ғылыми дәлелденген математикалық
теңдеулерді қолданатын стартап жасауды ұйғардық - жасанды интеллект сіздің
талдауларыңыздың нәтижелерін ПДФ немесе зертханада алған фотосурет арқылы
көшіреді және оларды біздің математикалық теңдеулеріміз арқылы, формулалар
арқылы өткізеді және нәтижелер ұсынады. Солардың негізінде ЖИ шешім қабылдайды,
қай дәрігерге жүгіну керектігі туралы кеңес береді.

