Осы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап студенттер
Астанадағы Кардифф университетінің бөлімінде білім ала бастайды. Бұл туралы
университет өкілдері ашық есік күнінде айтты. Британдық университет филиалы
жеке білім беру бағдарламасын іске қосады. Бастапқыда бұл бизнес пен STEM
бойынша дайындық оқулары. Келесі жылы университет бакалавр мамандарын
дайындауға кіріседі. Алдағы уақытта білім беру бағдарламасын кеңейту жоспарланып
отыр. Алғашқы үш жылда университетке 500-ге жуық студент қабылданады деп
күтілуде. Ал, болашақта Қазақстан Орталық Азия елдерінен білім мен ғылым
іздеген студенттерді қабылдаутын басты орталыққа айналады. Айта кетейік,
британдық жоғары оқу орын өкілдігінің Астанада ашылуы - Қазақстанды аймақтағы
білім беру хабына айналдырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Рудольф Аллеманн, Кардифф университетінің вице-президенті
және халықаралық мәселелер бойынша проректоры:
- «Білім елдерімізді дамытудың басты құралы екенін біз
сеніммен айта аламыз. Ортақ құндылықтарымызға сүйене отырып өз тәжірибемізбен
бөлісе аламыз. Ұқсастықтан бөлек айырмашылығымыз да бар, сондықтан үйренеріміз
көп. Сол ізденістің арқасында бір-бірімізді жақсы тани түсеміз деп ойлаймын.
Барлығы бір-бірімен тығыз байланыстағы қазіргі заманда білім арқылы
қарым-қатынасымызды нығайта түсеміз».
Талғат Жүсіпбек, «Qualified center of education» қоғамдық қоры директорының орынбасары:
- «Бүкіл әлемдегі университеттер білім беру сапасы мен
ғылыми жобаларды дамытуға қосатын үлесі жағынан бағаланатыны белгілі. Кардифф
университеті Times Higher Education және QS Rankings нұсқасы бойынша әлемнің ең
дамыған 200 жоғары оқу орын қатарына кіреді. Бұл университеттің қосдипломды
немесе басқа да форматтағы бағдарлама емес, толыққанды филиал ретінде Қазақстанда
ашылғанына қуаныштымыз. Университеттің барлық қажетті инфрақұрылымы бар жеке
кампусы болады».

