Қырғызстандықтар Еуропаға тікелей ұшуы мүмкін. Ол үшін Еурокомиссия өзінің «қара тізімінен» Орталық Азия елінің әуе компанияларын алып тастауы тиіс. Ол 2025 жылдың мамырында өтетін қорытынды аудиттен кейін ғана белгілі болады. Қырғызстанның азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, ел әуе қауіпсіздігін жақсарту, халықаралық стандарттарды енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізген. Осы саланың білікті сарапшыларының пікірінше, Қырғызстан үшін әуе арқылы қатынау аса маңызды байланыс құралы. Себебі ел таулы аймақта орналасқан және теңізге шығу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қара тізімнен шығу Париж, Берлин және Лондон сияқты жаңа әуе бағыттарын игеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде отандық экономиканың өсуіне ғана емес, жалпы туризмнің дамуына да оң әсерін тигізбек. Сондықтан да ел мамандары бұған қол жеткізу үшін барлық амалдарды қарастыруда.
Эльдар Шабданов, Туризмді дамыту жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі:
- Біздің әуе желілеріміздің қара тізімнен шығатыны туралы
жаңалықтың өзі, еліміз үшін, атап айтқанда, туризм секторы үшін өте үлкен
жеңіс. Себебі осы бағытта қызмет ететін кәсіпкерлер, еліміздің туризмін дамыту
жолындағы бес үлкен мәселелердің бірі әуе байланысын жандандыру екенін бұрыннан
айтып келген едік. Өзара алыс-беріс пен барыс-келістің, соның ішінде туристік
тізбектің негізгі қозғаушы күші әуе желілері екені баршаға аян. Бұл туристік
пакетті айтарлықтай төмендетуге, яғни осының нәтижесінде біздің елімізге
туристік ағынды ұлғайтуға қызмет етеді.
Айта кетейік, бүгінде Қырғызстаннан Қазақстанның ондаған қаласына ұшақ қатынайды. Атап айтсақ, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Орал мен Өскеменге әуе рейістері бар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

