Қазақстанда зияткерлік меншік және бизнес саласында құқық магистрлерін даярлаудың білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл Орталық Азияда осы бағыттағы алғашқы оқу бағдарламасы. Мұндай білім беру жаһан бойынша тек 14 елде ғана бар. Біздің елімізде бұл Ғылым және жоғары білім министрлігі, Әділет министрлігі, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы және Мақсұт Нәрікбаев университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы мүмкін болды. Сонымен қатар әзірге 15 студент қабылданатынын айта кеткен жөн. Оның 10-ы грант бойынша білім алады. Заман талабына сай жаңа мамандар даярланады. Қазіргі таңда зияткерлік меншік иелерінің дүниежүзілік нарығы АҚШ валютасында 70 трлн-ға жеткен. Қазақстанда да креативті экономиканы дамытып, цифрландыруға басымдық беру – мемлекеттің стратегиялық міндетіне жатады.
Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
– Amazon сияқты ірі корпорациялар мен Chat GPT тәрізді жасанды интеллектілердің құқығы қатаң қорғалады. Дәл сол сияқты, OpenAi және барлық осындай салалар осы бағытта мүдделерінің қорғалғанын қалайды. Зияткерлік қорғау саласындағы бұл магистрлік бағдарлама қазақстандық студенттерді зияткерлік меншікті құқықтық тұрғыдан қорғаудың жаңа әдісіне машықтап, заман талабына сай білім береді.
Абай Абылайұлы, Maqsut Narikbayev University Халықаралық құқық бағдарламасының директоры:
– Зияткерлік меншікті қорғаудың 2 жүйесі бар екенін мойындау керек. Әлемдік жүйе және ұлттық жүйе деген бар. Әлемдік жүйеде тауар белгісін тіркеу көптеген артықшылық береді. Мен тауарлық белгімді қорғасам ол барлық елде қорғалады. Сол себепті осы жүйеде олар алдыңғы қатарлы практиканы үйретеді. Біздің алға қойып отырған мақсатымыз сол тәжірибені үйреніп, әрі қарай өзіміз жалғастыру.