Қазақстанда жаңадан Sayram географиялық көрсеткіші тіркелді

Қазақстанда жаңадан Sayram географиялық көрсеткіші тіркелді. Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, енді Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық ірі қаланың атымен нан-тоқаш өнімдері өндірісі аталады. Өз кезегінде бұл – тарихи нысанның атын насихаттауға септігін тигізбек. Ведомствода атап өткендей, елімізде 5 ұлттық географиялық көрсеткіш тіркелген. Атап айтқанда, олар: «Түркістан» балмұздағы, «Түркістан» шоколады, «Алматы апорты», «Қарағанды» балмұздағы және «Сайрам» кексі. Сондай-ақ, Әділет министрлігінде басқа да жаңашылдықтар туралы да айтылды. Мысалы, Қазақстанда тауар таңбаларына құқықтық қорғауға мүмкіндік беріліп отыр. Егер бұрын процедура 7 айға дейін созылса, енді 3 айдың ішінде жеделдетілген сараптама жүргізіледі. Бұдан басқа, зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жүргізу қызметі іске қосылды.

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:

-Сараптаманың бұл түрі - зияткерлік меншікті қорғауға, инвестициялық қызметті құқықтық қорғауға және еліміздің имиджін нығайтуға жасалған үлкен қадам саналады. Осыған орай, Әділет министрлігі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының жазғы мектебінде сот сарапшыларын оқытты. Енді кәсіби сот сарапшылары зияткерлік меншік нысандарына сараптама жүргізе отырып, бір-біріне қатты сәйкес келетін нысандарға  ұқсайтыны немесе ұқсамайтыны жөнінде сараптама жүргізе алады.