Қазақстанның құрылыс саласын демонополизациялау күтіп тұр. Әзірленген заңнамалық түзетулер нарық субъектілері үшін жер телімдерін бөлуде тең мүмкіндіктер беруді қарастырады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев хабарлады. Оның айтуынша, заңнамалық түзетулерді қабылдау құрылыс көлемін біркелкі бөлуге, орындалатын жұмыстардың сапасы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Жаңа заңнамалық нормаларды енгізу нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, заңсыз және өнімсіз қосалқы мердігерлердің, сондай-ақ біліктілігі жоқ лицензиаттардың қызметін шектеу жоспарланып отыр», - деп атап өтті вице-министр.