Қазақстанда машина жасау ісінің әлеуеті артып келеді. Елімізде дәл осы сала экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр. Әсіресе отандық ауылшаруашылық техникасын шығару қарқын ала түскен. Өсім 300% құрап отыр. Бұл жөнінде алғашқы халықаралық көрмеде белгілі болды. Ол қазақстандық машина құрастырушылардың IX форумы аясында елордада өтіп жатыр.
Лилия Лукоянова, станок шығаратын компания өкілі /Беларусь/:
- Бір алаңда бірнеше бағыттың қамтылғаны қуантып отыр. Бұл жерде өндірушілер, инвесторлар, атқарушы билік өкілдері жиналған. Барлығымыз бірлесіп шешімін күткен ортақ күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатамыз. Бұл шынымен де солай.
Көліктер жәрмеңкесінде 200-ге тарта жетекші қазақстандық және шетелдік компания өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Мұнда техниканың түр-түрі қойылған. Көрмеден бұрандамадан бастап аграөндірістік кешен, тау-кен және металлургия өндірісі, теміржол немесе мұнай саласына қажетті арнайы қондырғылар мен техникаларды кезіктіруге болады.
Шыңғыс Өксікбаев, сұйықтық әзірлейтін компанияның өкілі:
- Біз осындай форумдарға қатысу арқылы мұнай саласында жұмыс істейтіндермен танысып, қарым-қатынас жасай аламыз. Мысалы, 2020 жылы Өзбекстанда форум болды, соның арқасында Өзбекстанның ТЭЦ-терімен танысып, қазіргі таңда бірге жұмыс істеп жатырмыз.
Жыл басынан бері Қазақстан жалпы құны 742 млн долларды құраған машина жасау саласының өнімдерін шығарды. Сарапшылар 2025 жылға қарай экспорт көлемі 3 млрд долларға жетеді деп болжап отыр. Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде елімізде көлік құрастыратын кәсіпорындардың саны 3 мыңнан асқан.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов