ҚР Үкімет басшысы ТЖ орын алған өңірлердің тұрғындарын әлеуметтік қолдауды тапсырды

ҚР Үкімет басшысы ТЖ орын алған өңірлердің тұрғындарын әлеуметтік қолдауды тапсырды

Топан судан жапа шеккендерді уақытша баспанамен, денсаулық сақтау және білім берумен қамтамасыз ету. Қазақстанның Премьер-Министрі су тасқыны салдарын жою шаралары жөніндегі кеңесте әлеуметтік блок министрлеріне төтенше жағдайға тап болған өңір тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге қоныс аударғанға дейін эвакуациялау пункттерінің жұмысын қолдауға ерекше көңіл бөлуді жүктеді.  Олжас Бектенов әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханаларды жөндеуге басымдық беру маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігіне қызыл су құрсауында қалған аймақтарда эпизоотикалық жағдайдың нашарламауын қадағалауды тапсырды. Оқу-ағарту министрлігіне оқушыларды емтихандардан босату керектігін айтты. Бүгінде су басқан өңірлерде 130-дан астам мектеп қашықтан оқуға көшірілді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

-Бастауыш мектептің 1-4 сынып оқушылары ата-аналарымен бірге оқу үдерісі толық ұйымдастырылған сауықтыру орталықтары мен лагерьлерге орналастырылады. 5-8 сынып оқушылары өздері тұратын аумақтардағы Дарын мектеп-интернаттары, Білім инновациялық лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектептерінде жайғасады. Жоғары буын 9-11 сынып оқушыларын колледждер мен жоғары оқу орындарына орналастырамыз. Су тасқынын қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталғанша балалардың білім алуы және жазғы демалысын қамтамасыз ету міндеті тұр.