Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің
екінші отырысын өткізді. Мемлекет басшысы мұндай формат екі жақты ынтымақтастықтың
ерекше сипатын паш ететінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қатынастардың жоғары
деңгейге жетуіне, ең алдымен, Әзербайжан көшбасшысы Ильхам Әлиев елеулі үлес
қосқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт
жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін арнайы атап өткім
келеді. Сіз саяси ерік-жігер мен стратегиялық көрегенділік танытып, күрделі
түйткілдерді шешудің және келешек ұрпақ тағдыры үшін жауапкершілік арқалаудың
парасатты жолын нұсқадыңыз. Қазақстан-Әзербайжан
қатынастарының әлеуеті орасан зор. Оны толық іске асыруға еш кедергі жоқ. Оған
берік саяси сенім де, ортақ құндылықтарымыз да, ең бастысы, халықтарымызды
жақындастыруға деген шынайы ұмтылыс та бар.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:
- Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бойынша елеулі
нәтижелерге қол жеткізілді, тауар айналымы өсіп келеді және бұл бізді қуантады.
Біз құрған бірлескен инвестициялық қордың да әлеуеті зор. Қазірдің өзінде бірлескен
инвестициялық қор тетігі арқылы біздің бірлескен қаржыны қосу есесінен нақты жүзеге
асыру және қарау сатысында тұрған бірнеше жоба бар.
Келіссөз
қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы
Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол
қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Тараптар энергетика, көлік, цифрландыру, жасанды
интеллект, өнеркәсіп бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев Әзербайжан Президентінің мемлекеттік сапарын елдеріміз арасындағы
стратегиялық серіктестікті нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды. Көшбасшылар
ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын талқылады. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Осы орайда трансформаторлар
шығаратын зауытты іске қосу жоспарланған. Тұрғын үй және инфрақұрылымдық
нысандардың құрылысы жүргізілуде. Бұдан басқа, кеме жасау ісінде бірлескен
жобалар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұдан
бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан
Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізуде. Шетелдік, соның ішінде қытайлық
серіктестердің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының
келешегі зор. Келіссөз барысында жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром
жүйесін құру мүмкіндігін талқыладық.
Елдеріміз өзара энергетика саласындағы жобаларды да дамытпақ.
Қазақстан мұнайын Әзірбайжан арқылы тасымалдау көлемін ұлғайтуға ниетті. Былтыр
Баку - Тбилиси - Жейхан бағыты бойынша шикізат транзиті бір жарым млн тоннаға
жуықтады. Бұған қоса тараптар «жасыл» энергия экспортындағы ұстанымдарын
күшейту үшін теңіз табанына электр кабелін төсеу жобасын іске асыруда. Елдердің
ынтымақтастығы үшін цифрландырудың да маңызы зор.
Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері Alem.Ai халықаралық жасанды
интеллект орталығына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Alem.AI халықаралық жасанды интеллект
орталығына барды. Мұнда президенттерге мемлекеттік үдерістерді басқаруға, талдауға
және GovTech-шешімдер қабылдауға арналған AI-Driven Government ахуалдық
орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Мемлекет басшылары Astana Hub
компанияларының тың әзірлемелерімен де таныс болды.

