Қазақстан
Президенті елордадағы бірқатар нысанды
аралады. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарының аясында ең алдымен, Kazakhstan
International School Astana мектебіне барды. Білім беру мекемесі 800 оқушыға
және мектеп жасына дейінгі 120 балаға шақталған. Ол 20 мың шаршы метрден астам
аумақта орналасқан. Мектеп халықаралық бакалавриат аккредитациясынан өткен. Оқу кабинеттері
әрбір оқушының алаңсыз білім алуына және қарым-қабілетін ашуына қолайлы жағдай
жасайтын озық технологиялармен жабдықталған.
Кейін Мемлекет басшысы QazSwimAcademy спорт орталығының жұмысымен танысты.
Бірегей кешенде спортшыларды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалып, жоғары технологиялық үлгіде жабдықтауға баса
назар аударылған.
Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі 5 бірдей бассейнде жаттыға алады. Оларға судың құрамы мен реагенттердің мөлшеріне автоматты түрде талдау жүргізетін испандық қондырғы қойылған. Бұдан бөлек, нысан жүзуге қажетті арнаулы жаттығу құралдарымен жабдықталған. Президент мемлекет спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
Сонымен қатар, Президент Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйіне
барды. Онда ол мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған жаңа
жатақхананы аралап көрді. Құрылыс барысында ерекше қажеттілігі бар
студенттердің де талап-тілегі ескерілген. Оның дизайны мен инфрақұрылымы
кедергісіз орта қалыптастыру талаптарына сай келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік
жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы академиялық хаб құру шараларын оң
бағалап, білім беру саласында және
жастар арасында халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды.
– Біз ЕНУ студенттері өз кезегімізде терең білім алып, ел мен жердің көркеюіне аянбай еңбек ететін боламыз.
– Біздің бүгінгі таңдағы міндетіміз – бұл ғылым мен технологияны жетік меңгеріп, әлемдік өркениеттің дамуына өз үлесімізді қосу. Осы тұста мемлекет тарапынан бізге барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, Президент электровоз құрастыру зауыты мен құрылыс индустриясы нысандарының жұмысымен танысты. Алғашқы кәсіпорын №1 индустриялық паркінде орналасқан. Оны индустрияландыру картасы аясында Францияның Alstom компаниясы іске қосқан. Қазір зауыт нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және басқа да өнім түрлерін ұсынады. Ал, Asyl Qala зауытында шығарылатын тротуар жабындысы бүгінде Астана және еліміздің басқа да қалаларында пайдаланылады. Аталған ірі жобаға құйылған инвестиция көлемі 8 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 4500 шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Бұдан кейін Мемлекет басшысы автоклавты газ блоктарын шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 150 мың шаршы метр өнім өндіре алады. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

