Қазақстан Сенатының төрағасы және Палатаның бір топ депутаты Қытайға ресми сапармен барды. Оның аясында Мәулен Әшімбаев Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық Комитетінің және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағаларымен кездесті. Онда парламентаралық ынтымақтастықты нығайту әлеуеті және алдағы кезеңге арналған бірлескен жобаларды іске асыру міндеттері талқыланды. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазіргі таңда достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар бұрын соңды болмаған деңгейге көтерілді деуге толық незіз бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз жылдан-жылға мазмұны байып келе жатқан шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Мемлекет басшылары арасындағы берік достық, тығыз және сенімді диалог елдеріміздің өзара стратегиялық серіктестігін нығайту жолында аса маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев аспан асты елінің дін көшбасшыларымен кездесті. Онда рухани дипломатияны дамыту мәселелері мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі аясында дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту барысы талқыланды. Сапар аясында Чжэцзян провинциясының губернаторы Ван Хаомен және қытайлық сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен жүздесті. Сұхбат барысында екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыру және өңіраралық кооперация мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, Қазақстан Парламентінің депутаттары Ханчжоу қаласында бірқатар инновациялық ІТ-компаниялардың қызметімен танысты.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

