Қазір Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба
жүзеге асырылуда. Былтыр
қалаға 770 миллиард теңге
қаржы тартылған. Шаһарда 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны
жұмыс істейді. Шаһар жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы мегаполистің
даму қарқыны туралы айтты. «Батыс
Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың
арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Президенттің айтуынша,
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда,
тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Демек біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Сондықтан, Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек. Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз».
Қасым-Жомарт
Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді. Жаһандық сауда соғысының
өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Сарапшылар
елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына
түрткі болуы мүмкін деп
отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап,
барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз, - деді Президент. Бастысы экономиканы
түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Сондықтан, Үкімет кез
келген мәселені алдын ала қарастырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің
мүмкіндіктері мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы
өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы
көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік
саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын
атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс
күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының
мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де
ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін».

