Қазақстанда су тасқынына қатысты жағдай тұрақталып келеді. Елдің Премьер-Министрі жедел кеңесте осылай деп мәлімдеді. Олжас Бектеновтың айтуынша Атырау өңірінде табиғи апаттың қаупі әлі толық сейіле қоймаған. Күн сайын Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп келеді. Қауіпті белгіге дейін шамамен бір метр қалды. Алдағы күндері шарықтау шегі күтілуде.
Үкімет басшысы облыс әкімдігіне қарғын судан қорғану үшін Батыс Қазақстан аймағы сынды сапалы жұмыс ұйымдастыруды тапсырды. Онда су тасқынына қарсы алдын алу іс-шаралары мен күштерді жедел жұмылдыру арқылы ауқымды шығынға жол бермей, су тасқынын еңсеруге мүмкіндік берді. Бүгінде бұл аймақтағы апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 13 мыңнан астам адам және 1 200 астам техника тартылды. Өңірде 500 шақырымнан астам бөгет салынды. Олардың жартысы Атыраудың тұрғын алаптарының бойында орналасқан. Өзен сағасында үлкен көлемдегі судың жылдам өтуіне мүмкіндік беретін тереңдету жұмыстары жалғасуда. Премьер-Министр су деңгейін сағат сайын бақылауды қамтамасыз етуді және қорғаныс бөгеттерінің ұзындығын ұлғайтуды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Батыс Қазақстан облысында 84 елдімекеннің бәрін сақтап қалдық. Бұл алдын ала жүргізілген үлкен жұмыстың арқасы деп білеміз. Қаншама бөгет салынды, елдің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам әскерилерді тарттық, екі мың бірлік техника жұмылдырылды. Барлығы 11 мың адам қатысты үлкен жұмысқа. Мұның бәрі осындай оң нәтиже берді. Ендігі міндет Атырау облысын қорғау.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан өңірінде 1600 астам отбасы біржолғы төлем алды. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысты 8 мыңға жуық өтінім жиналып, мыңнан астам үйге бағалау жұмыстары жүргізілді.