Елімізде KIA Qazaqstan автомобиль зауыты іске
қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс ошағын телекөпір арқылы ашты. Кәсіпорын
Қостанай қаласының индустриялық аймағында орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік
өндіре алады. Оның өнімі Қазақстан, Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық
одақ елдерінің нарықтарына шығарылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді
әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда
Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде
автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз
бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев зауыттың ашылуы еліміздегі машина
жасау саласын дамыту бағытындағы өте маңызды қадам екеніне назар аударды. Былтыр
осы салаға 290 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 2023-ші жылмен салыстырғанда екі жарым есе
көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық
тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа
көлік түрлерін шығарады. Осылайша, Қазақстанға бұл өніммен сыртқы нарыққа шығуға
мүмкіндік тумақ. Отандық көлік өндірісінің өркендеуіне тың серпін беріп, тұтас
еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтеді. Зауыттағы бір жарым мың орынның
әрқайсысы логистика, сервис және инфрақұрылымда қосымша бес-алты жұмыс орын
құрады. Мемлекет басшысы KIA компаниясының Президенті Хо-сунг Сонгты ІІ
дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

