Енді Моңғолия нарығына Қазақстан тауарларын экспорттау
жеңілдейді. Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша
сауда келісімін мақұлдады. Келісім екі ел арасындағы саудадағы техникалық
кедергілерді жоюға және жеңілдетуге негізделген. Құжат үш жылға жарамды. Әрі,
оны ұзарту мүмкіндігі де бар. Яғни, Қазақстан Моңғолияға дәнді дақылдар, құс
еті, сүт өнімдері, майлар, кондитерлік өнімдер, металлургиялық және химиялық
өнімдер, көлік құралдары және т.б. тауарларды экспорттайды. Ал, Моңғолия тарапы
баж салығын алып тастауға міндеттеледі. Әрі, елге жылқы етін, картоп, аяқ киім мен
жүннен жасалған өнімдер жеткізеді.
Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстанның экспорттық мүддесі толықтай қамтамасыз етілген. Моңғолия азық-түлік өнімдері мен өнеркәсіптік тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастайды. Еліміз үшін экономикалық тиімділіктері қатарында моңғол тарапының тарифтік жеңілдіктері республикамыздың Моңғолияға экспортының 92% қамтиды. Нәтижесінде, отандық бизнес импорттық кедендік баждарды төлеу кезінде үнемдеуге қол жеткізеді.
Бұдан бөлек, Моңғолия Еуразиялық экономикалық одақ
елдерінен, оның ішінде Қазақстаннан келетін жеңіл автокөліктерді, электр
көліктерін, жүк көліктерін, өрт сөндіру машиналары мен қосалқы бөлшектерді
толық бажсыз әкелуге міндетті. Айта кетейік, Қазақстан мен Моңғолия екіжақты
тауар айналымын 500 млн долларға дейін арттыруды көздеп отыр.

