Конституция - Қазақстанның тәуелсіздігі мен табысты дамуының іргетасы

Конституция - Қазақстанның тәуелсіздігі мен табысты дамуының іргетасы

Қазақстан Конституцияның мерейтойын атап өтті. Елордада заңгерлер, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің басын қосқан ауқымды ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Негізгі заңның Тәуелсіздікті нығайтудағы, әділдік, ашықтық, есеп беру және жауапкершілік қағидаттарын бекітудегі рөлін атап өтті. 30 жыл ішінде Ата заңға алты мәрте түзетулер енгізілді. Ең басты өзгерістер 2022 жылғы референдумда орын алды. Бұл егеменді ел үшін тарихи сәт болды. Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартты. Ал азаматтар алғаш рет референдум арқылы ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдер қабылдай бастады. Президенттің жақын туыстары мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқара алмайды. Қазақстандықтар ауыл әкімдерін, ал биылдан бастап аудан мен қала басшыларын өздері сайлай бастады. Конституциялық Сот құрылды. Бұдан басқа, адам құқықтарын қорғауды күшейтетін, құқық қорғау органдарының жұмысына бақылауды арттыратын, қылмыстық процестерді ізгілендіру бойынша қабылданған заңдар қазақстандықтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституцияда жер және барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені айқын көрсетілген. Менің тапсырмаммен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әзірленді. Қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың арнайы есепшотына жіберілетін болды. Былтырдан бері Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардан астам қаржы бөлінді. Бұл – жас ұрпақтың болашаққа нық сеніммен қарауына мүмкіндік беретін мемлекетіміздің өте маңызды шешімі.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?